
28-29 тамыз күндері Америка бұрышында программалау және микроэлектроника бойынша шеберлік сабақтары өтті. Іс-шаралар барысында қатысушылар Python жоғарыдеңгейлі программалау тілімен, ардуино әмбебап контроллерімен, төмен температуралы дәнекерлеушілермен және жарықдиодты шамдармен жұмыс істеуді үйренді.
24 тамызда Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған «Мемлекеттік тілде үздік қызмет көрсету» облыстық конкурсы өз қорытындысын шығарды. Конкурсқа қала мен аудандардың әр сала өкілдері – мәдениет, денсаулық сақтау, білім, халыққа қызмет көрсету, «Казтелеком» қызметкерлері қатысты.
2018 жылдың 17 тамызынан бастап 15 қыркүйегіне дейін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ИНФРА-М ғылыми-баспа орталығы өндірген ZNANIUM.COM электрондық-кітапханалық жүйе дерек қорына тестілік қол жеткізу ашылды. ZNANIUM.COM электрондық кітапханада ресейлік ірі ғалымдардың, мемлекеттік органдары басшыларының, жетекші ресей жоо оқытушыларының, бизнестегі түрлі саладағы жоғары білікті мамандарының еңбектері жинақталған. Кітапхана қорына оқулықтар, оқу құралдар, оқу-әдістемелік кешендер, монографиялар, авторефераттар, диссертациялар, энциклопедиялар, сөздіктер мен анықтамалар, заң-нормативтік құжаттар, арнайы мерзімді басылымдар және Ресей жоо баспаларының басылымдары енген.
20 тамызда облыстық кітапханаға № 5512 ә/б әскери қызметкерлері келді, олар үшін кітапхана қызметкерлері «Ұлылардың ұлысы – Абай» әдеби-музыкалық кешін өткізді. Солдаттар Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы қызықты мәліметтермен танысты, оларға қазақ әдебиеті поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да, дана тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик көрсетілді. Іс-шара барысында Бұхар Жырау атындағы музейдің өнер бөлімінің басшысы Оразбек Бақытхан Абайдың әнін шырқады.