A- A A+

Құрметті оқырмандар! Сіздер үшін: қолжетімді кітапхана қоры, электронды оқырман билеті, тегін Интернет, WiFi. Сіздерді күтеміз!

"Бір ел - бір кітап" - 2017. Жыл кітабы - С.Торайғыровтың шығармалары

«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді.  Биылғы жылы аталмыш акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға «Жыл кітабын» таңдау бойынша ҚР Жазушылар Одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын – Несіпбек Айтұлы: «Қазақ поэзиясының биігіне өрмелеп шыққан ақын ол – Сұлтанмахмұт Торайғыров. Абайдан кейінгі ұлы ақындардың бірі деуге әбден болады. Ұлт үшін күрескен адам. Сол себептен бүгінгі «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясына қатысушыларға жалынды ақын, жас ақын С.Торайғыровтың шығармаларын оқуға кеңес беремін», - деді, жалпы отырыстын комиссия мүшелері де бірауыздан «Алашорда мемлекетінің 100 жылдығына» орай "Жыл кітабы - 2017 таңдауына ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқуды ұсынды. Себебі: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам!» деген рухты жырларымен мәңгі өшпес із қалдырған ақын. Өскелең ұрпақтың идеалына айнала алатын дара да, дана ақынның бірі екені тағы да айшықтала түсті.

Сұлтанмахмұт Торайғыров – Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында туған. Ақын 2 жасында шешесінен айырылып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болды. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанды. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, 1911 жылы жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. 1912 жылы Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқи бастайды. Білімге деген ынтасы артқан Сұлтанмахмұт одан әрі оқуын жалғастыру арманына жете алмайды. Троицк, Семей, Томск сияқты ірі қалаларда барып оқуын жалғастыруға ниеттенсе де, қамқоршысы мен қаржының жоктығынан, тұрмыстың қиыншылығынан ол мақсаты орындалмайды.  

Шығармашылығы жайлы айтып кеттсек, Сұлтанмахмұт Торайғыров «Қамар сұлу. Роман», «Дүние дөңгелегі айналады. Таңдамалы», «Алаш ұраны. Таңдамалы шығармалары», «Сарыарқаның жаңбыры», «Асыл сөз. Өлеңдер мен дастандар», «Сұлтанмахмұт Торайғыров. Екі томдық шығармалары», «Үш томдық шығармалар жинағы», сонымен қатар «Алаш мұрасы», «Алтын қор», «Жыр жауһары», «Кереку-Баян», «Қазақ позиясының классиктері» серияларымен жарық көрген керемет туындылардың авторы.

Ақын жасында жабысқан дерт кеселінен 27 жасында кайтыс болған, ойшыл өзінің аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист-ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті.